Ипотекаға үй алу қаншалықты тиімді?

Баспана бағасы шарықтап тұрған уақытта ипотекаға үй алу қаншалықты дұрыс әрі тиімді?


28/04/2022
14:05 28433 0

Қазір Қазақстанда азық – түлік пен тұрмыстық тауарлармен қатар тұрғын үй бағасы да шарықтап кетті. Бүгінгі таңда ипотекаға баспана алу қаншалықты тиімді? Үй бағасының қымбаттауына не себеп? Осы және өзге сұрақтарға жауап іздеу мақсатында экономист Мақсат Халықтың пікірін біліп көрдік. 

 

 Ипотекаға баспана алу тиімсіз

 

— Қазір ипотека алатын кез емес. Себебі қазір базалық пайыздық мөлшерлеме өсіп келе жатыр. Оны Ұлттық Банк 14 пайызға дейін көтерді. Тиісінше, ипотекалық несиелер 18 пайызға дейін шарықтап тұр. Оның өзі бер жағы ғана. Бұндай пайызбен ипотека алу ешқандай қисынға келмейді. Арнайы бағдарламалар арқылы ипотека алуға болады. Оның ішінде ең дұрысы 7 – 20 – 25 бағдарламасы болып көрінеді. Бірақ ол жерде де қиындықтар бар. Сіз ол бағдарламамен үй алатын болсаңыз, Астана мен Алматы қаласын айтатын болсақ, қаланың шетінен баспаналы боласыз. Оның өзінде пәтерді жоғары қабаттардан аласыз. Төменгі қабаттардан пәтер таппайсыз, өте аз. Ол бағдарлама халықтың игілігі үшін жасалғандай көрінеді. Бірақ құрылыс компаниялары 7 – 20 – 25 бағдарламасы бойынша үйді жоғары бағамен сатады. Егер сіз қолма – қол немесе жартысын төлеп алсаңыз басқа баға, 7 – 20 – 25-пен алсаңыз басқа баға... 

 

  Мемлекет арнайы бағдарлама қабылдауы қажет

 

— Қазіргі жағдайда мемлекет арнайы ипотекалық бағдарламалар жасауы керек. Ол әлеуметтік осал топтарға бағытталуы тиіс. Бағдарламамен салынатын үй басынан бастап бір мақсатқа негізделуі қажет. Әйтпесе, бізде 7 – 20 – 25 бағдарламасымен берілетін үйге барсаңыз, оның ішінде санаулы ғана пәтер беріледі. Қалған үйлер баяғыда сатылып кеткен. Алыпсатарлар оны үй салынбай тұрып сатып алып қойған... Біздің үкімет не істей алады? Бағаны қолмен реттеу қиын. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп инфляцияны ауыздықтауды сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асыруы керек. Егер біз 4 пайыздық инфляцияға қол жеткізсек, онда базалық пайыздық мөлшерлеме де 5 пайызға түседі. Нәтижесінде 7 пайыздық ипотекалық несиені барлық банктер беретін болады. Оған арнайы бағдарлама қабылдаудың да қажеті жоқ болады. Мемлекет құрылыс материалдарын өзімізден шығаруға көңіл бөлуі қажет. Егер салынып жатқан үйлер отандық өнімдермен тұрғызылатын болса, онда тұрғын үйдің бағасы әлде қайда төмендейді... 

 

 Бұндай қарқынмен үкімет халықты тұрғын үймен қамту үшін 20 жыл жұмыс істеуі керек

 

— Бізде тұрғын үй құрылысы саласында тапшылық бар. Былтырғы жылы біз құрылыс саласында рекорд қойдық деп айттық. 17 миллион шаршы метр үй салынған. Оның арғы жылы 15 миллон болған. Жыл сайын біз рекорд қойып келе жатырмыз. Бұл шамамен 100 мың адамды пәтермен қамтамасыз етуге жетеді. Ал бізде тұрғын үй кезегінде тұрған адамның саны 600 мыңға жуық. Осыншама адамды үймен қамтамасыз ету үшін дәл осындай қарқынмен әлі кемі 6 жыл жұмыс істеу керек. Ал үй кезегіне ілінбей қалған, баспанаға мұқтаж адамдардың саны бізде 2 миллионға жуық. Ол адамдардың барлығын тұрғын үймен қамту үшін үкімет 20 жыл жұмыс істеуі қажет. Бізге құрылыс саласына жаңа компаниялардың келуін, бәсекелестікті қамтамасыз ету керек. Сол кезде ғана бағалар реттеледі, көбірек үйлер салынады. Қазіргі жағдай өте қиын...

 

Ескі үйлердің құны сапасына сай емес

 

—Ең қиын жағдайлардың бірі екінші нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы. Хрущевтің кезінде салынған үйлердің бағасы өте қымбат. Үйдің жағдайы құнына еш сәйкес келмейді. Қазір сарапшылар арасында тұрғын үй саласында көпіршік (пузырь) бар деген пікір бар. Ертең ол жарылуы мүмкін. Егер жарылатын болса, онда мына бағалардың барлығы құлайды. Көп адамдар солай болса екен деп ойлауы мүмкін. Бірақ ондай жағдайда көп адамдар жұмыссыз қалады. Құрылыс компаниялары банкрот болады. Одан азаматтардың проблемасы шешілмейді. 

 

 Үкімет қабылдап жатқан бағдарламалар үйдің қымбаттауына әсер етуде

 

—Үкімет жасап жатқан бағдарламалар көп жағдайда үйдің қымбаттауына әсер етеді. Мысалы, өткен жылдары «Алматы жастары», «Астана жастары» деген бағдарламалар болды ғой. Сол бағдарламаның өзі үйдің бағасын өсіріп жіберді. Пандемиядан кейінгі кезеңді алып қарайтын болсақ, үйлердің бағасы арзан болды. Он миллион теңгеге Алматыдан үй табуға болатын еді. Кейіннен «Алматы жастары» бағдарламасы шықты. Бір уақытта 1 мың адам нарыққа шығып, үй іздей бастады. Салдарынан бір айдың ішінде үй бағасы қымбаттап шыға келді. Әкімдіктің жастарды үймен қамтимыз деген ниеті дұрыс шығар. Бірақ ол кері әсерін тигізді. Бағдарлама жасалынуы керек. Бірақ ол әлеуметтік осал топтарға деп нақты көрсетілуі қажет. Ол үйлер іргетасынан бастап салынып, кілті тиісті адамдарға берілсін... 

 

Поделиться

Нет комментариев.

28/04/2022 14:05
28433 0

Уведомление